Ақмола облысында асырап алған мүгедек баласын қорлап келген әйел жазаланды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Ол баланың аяғын темір ұсақтағышпен ұрып, денесіне зақым келтірген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысында асырап алған мүгедек баласын ұрып-соғып, қатыгездікпен қорлап келген әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бурабай аудандық сотының баспасөз қызметінен хабарлағандай, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін тиісті орындамағаны үшін айыппұл тағайындалды.

«Сотта анықталғандай, Щучинск қаласының тұрғыны С. 2022 жылдың наурызында психикалық ауру диагнозымен 2014 жылы туған кәмелетке толмаған Ч.-ны патронаттық тәрбиелеуге алып, оны тәрбиелеу және оған қамқорлық жасау жөніндегі міндеттерді өз мойнына жүктесе де, баланы жиі ұрып-соққан. Солайша, 2024 жылдың қазанында С. баланың аяғын темір ұсақтағышпен ұрып, денесіне зақым келтірген”, - делінген сот хабарламасында.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, балада сызаттар, тыртық түрінде дене жарақаттары анықталды.

Жаза тағайындауда сот ауырлататын мән-жай деп кінәліге тәуелді дәрменсіз балаға қатысты қылмыстық теріс қылық жасағанын ескерді.

«Сот үкімімен С.-ға педагогикалық лауазымдарды атқару немесе кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан 2 жылға айыра отырып, 80 АЕК (295 360 теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындалды», - делінген хабарламада.  

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Нәрестелер арасында өршіп тұрған дерттерден сақтану жолы қандай – ортопед кеңесі

Новости партнеров