Діліміз бен тұрмыс салтымыздың бір бөлігі: Президент халықтық мейрамдар туралы

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Халықтық мерекелер - ұлтымыздың рухы мен тарихын көрсететін іс-шаралар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Кезінде Қазақстанға миллиондаған адам жер аударылды. Халқымыз олардың ешқайсысын жат көрмей, бауырына басты. Сол буыннан тараған миллиондаған адам – қазір Қазақстанның толыққанды адал азаматтары». Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында cөйлеген сөзінде осылай деген Мемлекет басшысы ол азаматтардың мемлекетімізді дамытуға зор үлес қосып, ел игілігіне қызмет етіп жүргенін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан – тағдырдың жазуымен шетте туып, шетте өскен барша қазақтың тарихи Отаны. Шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі ана тілі мен ата дәстүрін берік ұстанып келеді. Ел бірлігі – ең алдымен, күллі қазақтың бірлігі. Екіншіден, ел бірлігі – қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этностың бірлігі. Біз бұл туралы үнемі айтамыз.

Кезінде Қазақстанға миллиондаған адам жер аударылды. Халқымыз олардың ешқайсысын жат көрмей, бауырына басты. Сол буыннан тараған миллиондаған адам – қазір Қазақстанның толыққанды адал азаматтары. Олар мемлекетімізді дамытуға зор үлес қосып, ел игілігіне қызмет етіп жүр», - деді Президент.

Оның айтуынша, қазақ жұрты егемендігін алған соң қандастарымыздың елге қайтуына жол ашылды. Қазақстаннан да көптеген адам өзінің тарихи атамекеніне оралды. 4 миллионға жуық отандасымыз Германияға, Польшаға, Израильге және басқа елдерге көшті. Бірақ олардың көбі қазақ жұртының жақсылығы мен қамқорлығын ұмытпайды. Қазақстанның туын төріне іліп, елге деген сағынышын көрсетіп отырады. Қазақша сөйлеп, қазақша ән айтып, қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Жыл сайын Наурыз мейрамын атап өтеді. Барша Қазақстан азаматтары, шетелде тұрып жатқан барлық отандасымыз – бәрі де бір үлкен отбасы деуге болады. Отбасы құндылықтарын нығайту – тұрақты және үйлесімді қоғамның негізі, еліміздің жарқын болашағының кепілі. Жан-жақты дамыған тұлға да, жауапкершілігі зор азамат та, Отанға деген сүйіспеншілік те отбасында қалыптасады.

«Біз еліміздің әр шаңырағы, әр азаматы тойлайтын мерекеге құрметпен қарап, кеңінен дәріптеуіміз керек. Міне, сондай нағыз халықтық мерекелердің бірі, бұл – Наурыз мейрамы. Биыл жаңа тұжырымдамаға сай біз Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өттік. Көктемгі көңіл-күй мен мызғымас бірлік мерекесі еліміздің әр аймағында тойланды. Осылайша, біздің қоғамда жасампаз жаңа дәстүрлер қалыптасып, орнығуда», - деді Президент.

Ол бірер күн бұрын достық пен бірлік рухында Пасха мерекесінің атап өтілгенін, мереке қарсаңында митрополит Александр Қазақстандағы қызметіне 15 жыл толуына орай жоғары мемлекеттік награда – І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталғанына тоқталды.

«Биыл православ және католик қауымдарының Пасха мейрамы қатар келді. Мұның символдық мәні зор. Бұл – сирек қайталанатын құбылыс. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліміздегі барша христиандарды осынау мерекемен тағы да құттықтаймын. Шетелдік қонақтар Қазақстанда түрлі салт-дәстүрдің бір-бірімен үйлесім тапқанына таң қалады. Бұл олар үшін мультикультурализм және мультиэтникалық тұжырымдамалар тоқырауға ұшырап, тіпті, жоққа шығарылып, батыс әлемі жаһанданудан бас тартып, оқшаулануға қадам басып жатқан кезеңде қайран қаларлық құбылыс.

Біздің іс жүзіндегі тәжірибемізден мәдениетті жатсынбайтын бірегей болмысымызды аңғаруға болады. Діліміз бен тұрмыс салтымыздың бір бөлігіне айналған нағыз халықтық мейрамдарға баса назар аударуымыз қажет. «Наурыз», «Масленица», «Сабантой» және басқа да халықтық мерекелер ас ішіп, аяқ босататын, көңіл көтеретін ғана емес, ұлтымыздың рухы мен тарихын көрсететін іс-шаралар. Қазақстандағы көптеген этностың дәстүрі, тілі, әдет-ғұрпы осы жиындарда тоғысады. Бұл – «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидаттың нақты көрінісі», - деді Қ. Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Президент этномәдени бірлестіктерді «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды

Новости партнеров