Алматы облысы Қараой ауылындағы №49 мектепте жасөспірім өзінен кіші оқушыларға күш қолданып, әлімжеттік көрсеткен
Сапқа тұрғызып қойып, бірінен соң бірін аяусыз соққыға жықты. Алматы облысы Қараой ауылындағы мектептердің бірінде оқушылар әлімжеттікке тап болды. Ал бейнежазба желіде таралды. Дегенмен, қазір бұл оқиғаға қатысы бар барлық тұлға анықталып, қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қорлау, ұрып-соғу, күш көрсету. Мектеп оқушыларының арасындағы әлімжеттік әлі тыйылмай тұр. Желіде таралып, ел тұрғындарын алаңдатып қойған бұл бейнежазбадағы жайт Қараой ауылында тіркелген. Ал жарақат алғандар – № 49 жалпы білім беретін мектептің оқушылары.
Оқиға мектеп ауласында орналасқан дәретханада осыдан 6 ай бұрын, яғни қыркүйекте болған. Бірақ сол кезде түсірілген бейнетаспа күні кеше желіде таралды. Онда жасөспірімнің аядай жерде кәмелетке толмағандарға қорлық көрсетіп жатқаны анық байқалады. Тіпті қаз-қатар тұрғызып алып, соққының астына алыпты. Осы жайт әсер етсе керек, қазір есікке қара құлып салынған.
Білім ордасының ұжымы оқиға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ал арада біршама уақыт өткеннен кейін бұл жайттың мән-жайын анықтау үшін енді ғана іске кіріскен комиссия өкілдері, құқық бұзған оқушының биыл наурызда өзге мектепке ауыстырылғанын анықтапты. Тіпті олар жауапты мамандардың тарапынан хабар да берілмегенін жеткізді.
«Тексеру нәтижелері бойынша оқиғаға қатысқан оқушылармен қатар, тәрбиелік жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған және жоғары тұрған органдарды уақытылы хабардар етпеген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралатын болады», – деді Білім басқармасы бөлімінің басшысы Айжан Ізбасар.
Ал бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында аталмыш оқиғаға қатысты пікір білдірді. Сөзінше, бұл дерек – облыс мектептерінде жүйеленген мәселенің бар екенін көрсетеді.
«Мектептерде оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтарды мектеп басшылығы мен қызметкерлерінің жасыруы, балалармен профилактикалық және жеке жұмыстың жоқтығы байқалады. Мектеп әкімшілігі оқушылар арасындағы жағдайды білмейді немесе елемейді, жасырады және полицияға хабарламайды», – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева
Полиция қызметкерлері бұған дейін арыз-шағымның түспегенін жеткізді. Қазір аталмыш іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін құқық бұзушы жасөспірімнің және оқиғаны бейнетаспаға түсірген мектеп оқушысының заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Іле ауданы Полиция басқармасының бастығы Ертіс Тоқтаров
Жасөспірімдер профилактикалық есепке де алынған. Ал әлімжеттіктің алдын ала алмағандарға қатысты қандай шара қолданылатыны әлі анықталып жатыр.
Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Берденов аяққа тұра ма: Денсаулық сақтау министрі мәлімдеме жасады