Орман ғажайыптары: қуыршақ теарында кітаптың табиғатын бейнелейтін қойылым сахналанды

Almaty.tv
Almaty.tv

Театр фойесінде балаларға арналған кітаптар көрмесін ұйымдастырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлттық Кітап күні мерекесі аясында Мемлекеттік қуыршақ театрында «Орман ғажайыптары» қойылымы сахналанды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қуыршақ театрының ұжымы көрермендерге белгілі неміс жазушысы Отфрид Пройслердің «Кішкентай Мыстан» повесі желісімен сахналанған «Орман ғажайыптары» спектаклін ұсынды. Бұл жай ғана әдеби шығарманың сахналық нұсқасы емес, кітаптың ғажайып табиғатын сездіретін туындыға айналды. Спектакльде кітап декорация, бутафория, сценографияның шешім ретінде көрініс тапты.

Жақсы сиқыршы болуды көздеген кішкентай Баба Яганың басынан өткен оқиға өзекті мәнге ие. Спектакль мейірімділік, еркіндік, батылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық, білімқұмарлық сынды маңызды тақырыптарды көтереді. Славян халықтарының мифологиясынан бастау алатын кейіпкер спектакльде өз орнын іздеген, ойлана білетін, рухани өсіп-жетіле алатын кейіпкер ретінде көрерменге жаңа қырынан ашылды.

«Орман ғажайыптары» өзінің көркемдігімен және көпқырлылығымен ерекше. Сахнада 20-дан астам түрлі қуыршақ түрлері көрініс тапты. Атап айтқанда, планшет, паркет, таяқ, бетперде, бойлы қуыршақтар пайдаланылды. Қуыршақ кейіпкердердің көп болуы спектакльді визуал тұрғысынан байытып, сахнада шынайы әрі динамикалық атмосфера қалыптастырды. Спектакльді кәсіби шығармашылық топ дайындағанын атап өткен жөн. Инсценировка авторы – Евгений Ионов, режиссері – Антон Зайцев, суретшісі – Асия Құрманалина, композиторі – Андрей Долгоруков, хореографы – Арстан Туйжанов.

«Ұлттық Кітап күні болып жарияланған соң, қуыршақ театры да үлес қосқымыз келді. Арнайы  премьера дайындадық. Қойылымның басты мақсаты – кітапты насихаттау, оның құндылығы мен бірегейлігін көрсету», — деп атап өтті театр директоры Алмат Амангелді.

Сондай-ақ Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесімен бірлесіп, театр фойесінде балаларға арналған кітаптар көрмесін ұйымдастырды. Спектакль басталар алдында кішкентай бүлдіршіндер халық ертегілері мен әлем әдебиетініің балаларға арналған классикалық туындылармен таныса алды. Бұл көрме жас ұрпақтың оқуға деген сүйіспеншілігін арттырып, рухани дамуына серпін беруді, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарын кітап оқуға ынталандыруды мақсат етті.

Оқи отырыңыз: Тылсым әлемге сапар: Алматының жас жазушысы белгілі болды

Новости партнеров