Жапонияда бала туу көрсеткіші 120 жыл бұрынғы деңгейге құлдырап кеткен

Мира Байбек
AFP via Getty Images
AFP via Getty Images

2024 жылы дүниеге келгендер саны 1899 жылғы көрсеткішке тең болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2024 жылы Жапонияда бала туу көрсеткіші 721 000-ға дейін төмендеген. Бұл 1899 жылғы көрсеткішке тең ең төменгі деңгей болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы «Майнити» басылымы Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігінің өткен жылдың желтоқсан айындағы жарияланған мәліметтеріне сүйене отырып хабарлайды.

"Бұл сандар алдын ала берілген және Жапонияда тұратын шетелдіктерді де, шетелде тұратын жапондарды да қамтиды. Нақты жылдық статистика маусым айында жарияланады. Жапондардың бір жылғы бала туу көрсеткіші 700 мыңға да жетпей қалуы мүмкін», - деп жазады басылым.

Ал 2023 жылы елде 758,6 мың бала дүниеге келген. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда төмендеу көрсеткіші 5%-ды құраған.

Әлеуметтік сақтандыру және халық проблемалары ғылыми-зерттеу институты бұған дейін туу көрсеткіші 2039 жылға қарай 720 мыңға дейін төмендейді деп болжаған еді. Алайда болжамды көрсеткіш 15 жылдан кейін емес, былтырдың өзінде-ақ шындыққа айналған. 

Жапонияда халықтың табиғи түрде азаюы, яғни қайтыс болғандар мен туғандар саны арасындағы айырмашылық алдын ала мәліметтер бойынша 2024 жылы 897,7 мың адамды құраған. Бұл да рекордтық көрсеткіш болып отыр.

Оқи отырыңыз: Ерекше датада некеге отырғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті

Новости партнеров